Экономика

Қаржы негіздері

Қор нарығы да мемлекет тарапынан реттеледі

Егер де сіз жарналық инвестициялық қорға (ЖИҚ) келіп, келісім-шартқа қол қойған болсаңыз, сіздің ақшаңыз ЖИҚ шотында емес, кастодиан-банктің шотында сақталатынын білуіңіз қажет. Егер де басқарушы компания шығынды немесе қабылданған ережелер мен заңнамаға қайшы келетін болса, кастодиан-банкі мәміле жасаудан бас тартуға  құқылы.  Ал басқарушы компания таратылған жағдайда банктің өзі қордың активтерін пайдалана  алмайды. Бұл – сіздің ақшаларыңыздың жоғалып кетуінен сақтайтын сақтандырудың  алғашқы түрі.

Екіншіден,  сіздің жарналық инвестициялық  қорларға жасаған салымдарыңыздың сенімділігін ЖИҚ-тың жарна иелерінің реестрін (тізімін) жүргізетін тіркеуші қамтамасыз  етеді. Бұл тіркеуші қор мен басқарушы компаниядан  тәуелсіз болады және клиент бұйрықтарының басқарушы компаниямен қатар кастодиан-банкімен толықтай расталғаннан кейін ғана жарналарды өз жүйесіне есепке алуды немесе  есептен шығаруды қамтамасыз етеді. Осылайша, реестрде әрбір жарнашының ЖИҚ-тағы үлесі жазылып отырады.

Үшіншіден, бір-бірінен тәуелсіз болып табылатын ұйымдарды бақылау тізбегін басқарушы компанияның есепке алуын жүргізу мен есептілігінің дұрыс болуын тексеретін  аудиторлық ұйым аяқтайды.

Төртіншіден, клиент инвестицияларының  сенімділігі мемлекет тарапынан ҚҚА арқылы қамтамасыз етіледі. Агенттік өз кезегінде клиенттердің ақшалай шығындарын болдырмау немесе азайту мақсатында басқарушы компания орындауға тиіс ең төменгі талаптар мен нормативтерді анықтаған.

Айта кететін жайт, жарналық қорлар өз клиенттерінің ақшаларын әр түрлі құралдарға  инвестициялау  мүмкіндігіне ие.  Егер де қор ақшаны депозиттерге  салу арқылы табыс түсіру мүмкіндігі бар деп шешсе, ол бірінші банктің қаржылық  күйі мен сенімділігін талдап барып қаражаттарының  бір бөлігін  банктің шоттарына салады. Ал егер қор бағалы  қағаздар, шетел валютасы, алтын сатып алу немесе жылжымайтын мүлікке салу тиімді болады деген тұжырымға келсе, ақшаны сол бағытта инвестициялайды. Осылайша, жарналық қор қолда бар жұмыртқаның барлығын бір себетке салмай, өз тәуекелдерін төмендетеді. Ал егер де сатып алынған бағалы қағаздар табыс әкелмеген болса, қор бұл шығынды, мысалы, алтын құнының  өсімімен толтыра алады.  Айта кететініміз, инвестициялаудың тиімді емес түрін таңдап, ұтылу кез келгеннің басына түсуі мүмкін жағдай, сондықтан тәуелкелдер тек қана жарналық қорлардың міндеті ғана емес, сонымен қатар сіз  бен бізге жүктеледі.

Өзіңіз көріп отырғандай, қаржы нарығы мемлекет тарапынан жоғары деңгейде  қорғалған. Сіздің банктегі депозитке және ЖЗҚ зейнетақы шоттарына салған салымдарыңыздың қайтарылуына мемлекет кепілдік  береді.  Сақтандыру  компаниялары мен жарналық инвестициялық қорларға келетін болсақ, олар да өздерінің жұмысын реттейтін және барлық азаматтардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік органдардың, соның ішінде ҚҚА-ның ережелері  мен заңдарына бағынады. Әр ай сайын олар агенттікке ең маңызды көрсеткіштерді көрсете отырып өз жұмысы туралы есеп жолдайды. Сонымен қатар егер халықтан ҚҚА-ға келіп  түскен шағымдар негізді деп танылса, оларға айыппұл салынады. Мемлекет белгілеген ережелерді бұзатын немесе бағынбайтын ЖЗҚ-лар лицензиядан айрылу мен мәжбүрлі түрде таратылу тәуекеліне бас тігеді.

«Сақтықта қорлық жоқ» деген сияқты халық даналығын да ұмытпаған жөн. Қол қоятын келісім-шартты мұқият оқып шығыңыз, сіз өз ақшаңызды сеніп тапсырайын деп отырған компания ҚҚА тексерісін өткендігін растайтын мәлімет жинақтаңыз және әрқашан сақ болыңыз. Сауатты түрде инвестициялауды үйреніңіз, қажетті ақпаратты іздеңіз, сұрастырудан жалықпаңыз, сонда сіздің бұл бағытта жұмсаған күштеріңіз өз  жемісін беретін болады.

Қаржы қызметтерін тұтынушыларының  құқықтары туралы толығырақ ақпаратты өз қалаңыздың Ақпараттық-білім беру орталықтарында тегін өткізілетін білім беру семинарларынан алуыңызға болады. Ақпараттық-білім беру орталықтарының мекен-жайы туралы келесі тікелей байланыс телефоны арқылы білуіңізге болады: 8-800-080-0177.

Жанар МАЗЕМБАЕВА,

сарапшы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button